Өзбекстанда көлік зауытына Каримовтің есімі берілді

Ислам Каримов, Өзбекстанның алғашқы президенті.

Өзбекстанда Әндіжан облысының Асака ауданындағы көлік зауытына елдің бірінші президенті Ислам Каримовтің есімі берілді деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек редакциясы. Каримовтің есімін зауытқа беру туралы қаулыға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қол қойған.

Зауыт аумағында сонымен қатар Каримовке арналған мемориалды кешен салынды. Кешенде "Ислам Каримов және Өзбекстандағы көлік өнеркәсібінің дамуы" деген тақырыпта көрме-мұражайы ашылды.

Асака ауданындағы көлік зауытының көліктері республикаға ғана емес, сыртқы нарыққа да шығарылады.

Өткен жылы Асакадағы көлік зауыты құрылғанына 20 жыл толғанын атап өткен.