Мәскеудің "Октябрь" кинотеатры Қырым татарларының жетекшісі Мустафа Джемилев туралы түсірілген "Мустафа" фильмін көрсетілімнен себепсіз алып тастады. Бұл туралы "ОВД-Инфо" құқық қорғау порталына "Артдокфест" фестивалінің еріктісі хабарлады. Джемилев туралы фильм осы фестиваль аясында көрсетілуі тиіс болған.
"Артдокфест" директоры Виталий Манский "Эхо Москвы" радиостанциясына берген сұхбатында фестивальді ұйымдастырушылардың фильмді көрсетілімнен алып тастауға негіз болатын ешқандай құжат алмағанын мәлімдеп, бұл жайтты " шектен шығушылық" деп атады.
"Мустафа" фильмі - украин режиссері Эрнес Сарыхалиловтің туындысы. Картинада "Джемилевтің СССР кезінде сотпен қудаланып, совет түрмелерінде саяси тұтқын ретінде өткізген 15 жылы, айдаудан Қырымға қалай оралғаны" туралы айтылады.
Мустафа Джемилев 2013 жылға дейін Қырым татарлары меджлисін басқарған. Ресей билігі 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң бұл органды экстремистік ұйым деп жариялаған. Джемилев Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанына қарсы шығып, Мәскеуден Қырым татарларын қудалауын тоқтатуды және саяси тұтқындарды босатуды талап етеді. Джемилевтің Ресейге кіруіне тыйым салынған.