"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Қарағанды облысындағы бірнеше шахтасында наразылық танытып жатқан кеншілер талабына қатысты ресми ақпарат таратып, келісім комиссиясы ұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.
Компания сонымен қатар "АрселорМиттал Теміртау" әкімшілігі шахтада отырған кеншілерді "ыстық тамақ, құрғақ шұлғау және шамдармен қамтамасыз етіп жатқанын" мәлімдеді. Сонымен қатар медициналық пункт пен жедел жәрдем қызметі жұмыс істеп тұрғаны айтылады.
"Қалыптасқан жағдайға байланысты компания қызметкерлері қосымша кезекшілік атқарып жатыр. Шахта ауысымдарының басшылары әр екі сағат сайын "Көмір" апаттан құтқарудың әскери қызметі мен өзінің тікелей бастықтарына жағдайды баяндап отыр. Ауысым басшылары мен шам механиктері жұмысшыларды жарықшамдармен және өзін-өзі құтқарғыш құралдармен қамтамасыз етуге жауап береді" деп хабарлайды "АрселорМиттал Теміртау".
Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахталарының 600-ден астам кеншісі желтоқсанның 11-нен бері жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп, жер бетіне шығудан бас тартып отыр. Олар басшылыққа жалақыны 100 пайызға өсіру, зейнеткерлікке 50 жастан шығару, ауырып қалған кездегі жалақысын толық көлемде төлеу және тағы басқа талаптар қойған. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы наразы шахтерлермен келіссөз жүріп жатқанын жазып баспасөз хабарламасын таратқан.