Столтенберг НАТО бас хатшысы болып қайта тағайындалды

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы.

НАТО Йенс Столтенбергті альянстің 2020 жылға дейінгі бас хатшысы қылып қайта тағайындады. France-Presse агенттігінің хабарлауынша, Столтенберг НАТО Ресей тарапынан төнетін қауіп-қатерге қарсы тұру үшін қырғи-қабақ соғыс кезеңінен бергі ең ірі қайта құру процесін бастан өткеріп жатқан тұста тағайындалды.

НАТО-да шешім қабылдайтын негізгі саяси орган - Солтүстік атлантикалық кеңес альянстың 29 мүшесі Столтенбергтің мандатын 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзартуға келіскенін мәлімдеді. 58 жастағы Столтенберг Twitter-де мандатының ұзартылғанына алғыс білдірді.

Солтүстік альянс бас хатшысы қызметіне 2014 жылы қазан айында кіріскен Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Йенс Столтенберг Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты дағдарыспен және АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ға қатысты екі ұшты позиция ұстануына байланысты туындаған проблемаға тап болып отыр. НАТО құрылымында кибер қауіп-қатер мен гибридті әскери қимылдарға қарсы тұру мақсатында үлкен реформа жасалып жатыр.

Столтенберг Ресей Қырым түбегін аннексиялап, Украина шығысында Мәскеу қолдайтын сепаратистер әскери іс-қимылдар бастаған соң НАТО жедел әрекет ету күштерін 40 мың адамға арттырғанын және Балтық бойы елдері мен Польшадағы әскери әлеуетін күшейтіп, альянстың оңтүстік-шығыс шекарасындағы әскери күшін нығайтқанын мәлімдеді.