Назарбаев пен бас мүфти "діндегі мемлекет рөлін талқылады"

Жаңа сайланған бас мүфти Серікбай Ораз. Алматы, 8 желтоқсан 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жаңа сайланған төрағасы, бас мүфти Серікбай Оразбен кездесіп, "діни қатынастарды реттеуде мемлекеттің рөлі зор" екенін айтты.

ҚМДБ төрағасының бұрынғы орынбасары Серікбай Ораз өткен аптада діни басқарманың сегізінші құрылтайында ҚМДБ төрағасы әрі бас мүфти болып сайланған. Ол құрылтайға дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев та қатысқан.

Мемлекет басшысы мүфтиге дайындалып жатқан діни қызмет туралы заң жобасының негізгі қағидаларын елге насихаттауды тапсырды. Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Серікбай Оразбен кездесуде "азаматтардың діни бостандығын қамтамасыз ету үшін мемлекет қажеттінің бәрін жасағанын" жеткізді.

Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет екенін еске салған Назарбаев исламның "дәстүрлі ханафилік мазхабының ілімін түсіндіріп, ашықтау үшін Құран мен хадисті білетін білікті имамдарды тарту" қажетін айтқан.

"Дін жолында жүргендердің арасында жастар да бар. Мешіттерге сән үшін баратындар да, шалбарының балағын қысқартып, сақал қойған діндарлар да бар. Солардың бәріне ислам дінінің негізін түсіндіру керек" деді Назарбаев.

Биыл сәуір айында Нұрсұлтан Назарбаев діни саладағы мемлекеттік саясаттың концепциясын бекіткен. Ол бойынша, мемлекет діни ұйымдардың ішкі ісіне араласпайды, бірақ олардың қоғамдық қызметін қадағалап отырады, олардан заң мен мемлекет мүддесін сақтауын талап етеді.

Оқи отырыңыз: "Шектеу жаңа проблемалар тудыруы мүмкін"