Алматыда бейсенбіде жеке күзет фирмасының он шақты жұмысшысы бірнеше ай жалақысын ала алмағанын айтып, шағымданды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Жұмысшылардың айтуынша, олар жұмыс істейтін "Үш Қоңыр Секьюрити" күзет фирмасы соңғы жарты жылда жалақы бермеген. Қаһар Егейбеков деген жұмысшының сөзіне қарағанда, ол наурыз айынан бері жалақы алмаған, фирма өзіне 400 мың теңгеге жуық ақша берешек.
Жұмысшылар өздері жұмыс істеген Қалқаман ықшам ауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың алдына жиналды. Олар "Фирма басшысының орынбасары Сырым Үсенді осы жерге шақырдық" дегенімен, ол адам келмеді. Азаттық тілшісі бұл мәселе бойынша комментарий алмақ болып Сырым Үсенге хабарласқанымен, телефонға ешкім жауап бермеді.
Жалақы алмадық деген жұмысшылар күзет қызметіне тапсырыс беруші - №7 қалалық аурухананы тапсырысты орындаушы "Үш Қоңыр Секьюрити" фирмасына өздеріне жалақысын төлеуге ықпал етуін сұраған. Бірақ аурухана заңгері Айжан Сембаева фирма ауруханаға қызмет көрсеткені тиісті құжаттарын уақытында өткізіп отырғанын, ал аурухана фирмаға көрсеткен қызметінің ақшасын аударып келгенін айтты. Оның сөзінше, жұмысшылар фирма қарамағында жұмыс істегендіктен, аурухана олардың мәселесіне араласа алмайды.