Красноярск тұрғынына патриарх карикатурасы үшін айыппұл салды

Көрнекі сурет.

Ресей соты Красноярск қаласының тұрғыны Иван Гоппеге "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялаған сурет үшін үш мың рубль айыппұл салды. Ресей православ шіркеуінің (РПЦ) патриархы бейнеленген мемді сот экстремистік материал деп таныған. Жергілікті "Проспект мира" басылымына сұхбатында Гоппенің өзі даулы суретті 2013 жылы жариялағанын айтқан.

Гоппе биыл қазанда прокуратураға шақырту алғаннан кейін фотосуретті әлеуметтік желідегі парақшасынан жойып тастаған. Даулы сурет белгілі режиссер Квентин Тарантиноның түсірген "Абыройсыз оңбағандар" (орысша атауы - "Бесславные ублюдки") фильмінің постері негізінде жасалған. Онда актерлардың орнына РПЦ өкілдері, мәселен, патриарх Кирилл бейнеленген, ал "абыройсыз" деген сөздің орнына "православтар" сөзін ауыстырып қойған. Бұл интернет-мемге 2015 жылы тыйым салынғаны анықталған. Иван Гоппенің айтуынша, онымен әңгімеде прокуратура өкілі бұл іс бір мың рубль айыппұл салу және ескерту берумен аяқталады деп сендірген.

"Әлгі суретке ештеңе жазбағаным мені құтқарды. Әйтпегенде Ресей қылмыстық кодексінің 282-бабы бойынша жаза мерзімі күтіп тұрған еді", - деп мәлімдеген басылымға Гоппе.

Ол өзіне қатысты сот шешімімен келіспей, өлке сотына апелляциялық шағым берді. Красноярск тұрғыны әлгі коллажды оның аккаунтын бұзып кірген белгісіз біреулер жариялаған деп отыр. Бұған қоса Гоппе алатын еңбекақысы аз болғандықтан, сот кескен айыппұлды төлеу оған қиынға түсетінін айтқан. Апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырды.