Биыл он екі аймақта коммуналдық қызмет бағасы өседі

Көрнекі сурет.

2018 жылы Қазақстанның басым аймақтарында коммуналдық қызмет бағасы өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап «Kazinform» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елдің 12 аймағы: Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған қаласы), Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Астанада су бағасы қымбаттайды. Сонымен бірге, жылу, газ тарифтері де жоғарылайды.

Комитеттің аймақтық басқармаларында 2018 жылдан бастап электр қуатының бағасын өсіру туралы компаниялардың өтініштері қаралып жатқаны хабарланды.

Электр қуатының тарифтері Қазақстан үкіметі жанындағы экономикалық саясат кеңесі анықтайтын инфляция дәлізінің шегіне сәйкес белгіленеді деп айтылған.