Ыдырысов: "Астанада Назарбаев культі орнықты деу - сандырақ"

Ерлан Ыдырысов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов "Астанада Назарбаев культі орнықты деу - Лондонның Парламент алаңында орнатылған Уинстон Черчилльдің ескерткішіне қарап осындай ой түюмен бірдей сандырақ» екенін мәлімдеді. Ыдырысов бұл туралы Financial Times (FT) басылымының Астана туралы мақаласына қайырған жауабында айтты.

27 желтоқсанда басылым «Мемлекет астанасы даңғойлық жобасына айналған кезде» деп аталатын мақала жариялаған. Онда автор Египет президенті Абдел Фаттах әл-Сисидің елдің жаңа әкімшілік астанасын салу туралы ұсыныс жасағанын айтып, оған астанасын ауыстырған бірнеше елдің тәжірибесінен сабақ алуға кеңес берген.

«Ұлттық көрме құру мен коррупцияға жол ашатын мақтанқұмарлық жобаның соңына түсудің арасында автократиялық режимді байқауға болатын әлсіз айырма бар. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Алматыдан асығыс салынған солтүстіктегі Астанаға көшіру шешімінде «Ресейдің Қазақстан территориясына көз алартуының алдын алу» сияқты стратегиялық мақсат болды. Бірақ нәтижесінде Астана Назарбаевтың өзі ұсынып, халықаралық сәулетшілердің басшылығымен салынған, президенттің портретімен көмкерілген инфрақұрылымы бар әлемішке айналды» делінген мақалада.

Ерлан Ыдырысов Financial Times басылымындағы мақалаға берген жауабында «коррупцияға жол атаққұмарлық жоба» деген сөзге ешқандай дәлел жоғын» айтып, «қазақстандықтардың өз астанасын «мақтан тұтатынын» жеткізеді. Қазақстан елшісінің айтуынша, Қазақстанның астанасын ауыстыру - «қауіпсіздік тұрғысынан қабылданған шынайы шешім» .

«Алматы сейсмологиялық белсенді аймақта орналасқан. Бұған қоса Астананы салу тәуелсіздік алған Қазақстанның Сталин қуғындаған адамдар мен саяси тұтқындар айдауға түскен және қырғи-қабақ соғысында ядролық сынақтар жасалған советтік кезеңінен арылуына мүмкіндік берді. 1999 жылы 281 мың тұрғыны болған Астанада қазір миллионнан астам халық тұрады. Бұл мақтанқұмарлық жоба емес» деп жазған Ерлан Ыдырысов.