Францияда биыл интернетте жалған (фейк) ақпарат пен үгіт-насихаттың таратылуына қарсы заң дайындалады деп мәлімдеді осы ел президенті Эммануэль Макрон баспасөзге арнаған үндеуінде. Оның айтуынша, «үгіт-насихат материалдарын» әсіресе сайлау кезінде әлеуметтік желілердегі «мыңдаған аккаунттар» таратады.«Ол аккаунттар жалған ақпаратты бір демде бүкіл жерге жайып, саясаткердің, көпшілікке танымал адамдардың немесе журналистің беделін түсіре алады» дейді Макрон.
Әлеуметтік желілер ақшасы төленген материал туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету, жарнама берушінің кім екенін және оны кім бақылайтынын анықтау міндетін мойнына алуы тиіс. Макрон сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жарнама санының шектелуі мүмкін екенін де айтты.
Франция президентінің айтуынша, әлеуметтік желілерде саяси жарнамаға жұмсалатын қаржы мөлшеріне шек қойылады.
Жоспарланып отырған шаралар сот шешімімен әлеуметтік желілер мен сайттардың әкімшілігін қандай да бір контентті жоюға, аккаунтты немесе сайтты бұғаттауға міндеттеуге мүмкіндік береді.
Заң жобасы 2018 жылдың соңына дейін дайындалып, ұсынылмақ.
Өткен жылы мамырда Эммануэль Макрон Ресейдің Russia Today және «Спутник» мемлекеттік ақпарат агенттіктерін «жалған ақпарат» таратты және «үгіт-насихат» жүргізді деп айыптап, оларды «ықпал ету агенттері» деп атаған. Мұның алдында Макронның сайлау штабы бұл екі агенттіктің журналистерін аккредитациялаудан бас тартқан.
Франциядағы президент сайлауының екінші кезеңі қарсаңында Макрон командасы өзінің сайлауалды кампаниясына нұқсан келтіру үшін Мәскеу хакерлер мен дезинформацияны пайдаланып жатқанын мәлімдеген. Мәскеу Франциядағы президент сайлауына киліккенін жоққа шығарған.