Ресей мен постсоветтік төрт мемлекет - Армения, Әзербайжан, Беларусь және Қазақстан совет маршалы Иван Коневтің Прагада орнатылған ескерткішіндегі оның еңбегі туралы мәтінді өзгертуге қарсылық танытты деп хабарлайды Associated Press агенттігі.
Маршал Конев 1945 жылы сол кездегі Чехословакияның көп бөлігін нацистер оккупациясынан азат еткен Қызыл армия күштерін басқарған. Прага-6 ықшам ауданындағы оның ескерткіші 1980 жылы ашылған.
Ескерткіште «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Конев басқарған 1-Украина майданы Праганы жойылып кетуден қорғап қалғаны» жазылған. Прага-6 ықшам ауданының әкімшілігі бұл мәтінді өзгертіп, Коневтің 1956 жылы Венгриядағы антисоветтік көтерілісті басып-жаншудағы және және 1968 жылы Варшава келісімі елдері күштерінің Чехословакияға басып кіруіндегі рөлі туралы жазуды жоспарлап отыр.
Associated Press-тің хабарлауынша, Ресей мен төрт елдің Чехиядағы елшілерінің Конев ескерткішіндегі мәтінді өзгертуге қарсы үндеуі Ресейдің Чехиядағы елшілігінің ресми сайтында өткен айдың соңында жарияланған. Үндеу авторлары мәтінді ауыстыруды «тарихты қайта жазуға әрекеттену» деп атайды. Чехия сыртқы істер министрлігі бұған жазбаша жауап беретінін мәлімдеді. Чехиялық БАҚ-тың Чехия сыртқы істер министрлігі өкіліне сілтеме жасап хабарлауынша, жазбаша жауапта ескерткіш мәтінін өзгерту шешімін Прага-6 ықшам ауданының өзін-өзі басқару органы қабылдайтыны айтылмақ.
Прага-6 әкімшілігінің басшысы Ондрей Колар бұл дауға қатысты «тарихты бұрмалағысы келмейтінін», тек «тарихи фактіні көрсеткісі» келетінін мәлімдеген.