Бүгін, 10 қаңтар күні мемлекеттік басылымдары мен Ақорда сайтында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауы жарияланды.
Назарбаев жолдауды жазбаша түрде жасайтыны туралы 9 қаңтар кешке жария еткен. Жолдауда биліктің "алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына сенімді түрде кіруді қамтамасыз етеді" деген "он міндет" көрсетілген.
Қазақстан президенті жолдауында «бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді. Бұл туралы көп айтылды. Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады. Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді» деген.
Бұған қоса, Назарбаев баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрағанын айта келе 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтқан.
Назарбаев бұл жолдауында еңбек кітапшасын электронды жүйеге көшіруді, ғылыми зерттеулерді ағылшын тілінде жүргізуді ұсынған.