Тәжікстан мен Өзбекстан шекара мәселесін талқылады

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтың кездесу сәті. Душанбек, 10 қаңтар 2018 жыл.

10 қаңтарда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповты қабылдады.

Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Рахмон мен Арипов екі ел шекарасындағы миналанған аймақтарды тазарту мәселесін талқылады. Сондай-ақ тараптар екі ел азаматтарының шекарадан өтуін жеңілдетуге келісті. Өзбекстан алдағы уақытта Тәжікстан азаматтарына виза беру тәртібін оңайлатпақ.

Өзбек-тәжік шекарасындағы миналанған аймақ екі ел арасындағы негізгі мәселе саналады. 1999-2011 жылдары өзбек-тәжік шекарасының миналанған аймағында 160 тәжікстандық зардап шегіп, 76 адам мерт болған. Өзбекстан тарапынан да адам шығыны бар. Бірақ ол туралы ашық айтылмайды.

Ариповтың Душанбеге сапары 11 қаңтарда аяқталады.