Ғаламдық жылынуға қарсы шараларды іске асырған Нью-Йорк билігі өтемақы талап етіп, ірі мұнай компанияларының үстінен сотқа шағымданды. Мегаполис тұрғындарын ыстықтан қорғау үшін инфрақұрылымын жаңартуға 20 миллиард АҚШ долларын жұмсаған.
Мэрияның пайымынша, энергетикалық компаниялар қазбалы отынды жағудың зиянын білген және мұнай өндірісінен түсетін табысы азаймауы үшін ғаламдық жылынуды әдейі мойындамай келген.
Сонымен бірге Нью-Йорк билігі зейнетақы қоры қаражатын мұнай өндіруші компанияларға инвестицияламаудың жолын іздемек.
Жауапкерлердің қатарында BP, Exxon Mobile, Chevron, ConocoPhillips пен Royal Dutch Shell компаниялары бар. Бұлардың бірнешеуі Қазақстанда да жұмыс істейді.
Мұнай компанияларының өкілдері қала басшылығының шағымын сынап, сот талқылауын "негізсіз" деп атады.
Былтыр маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп ғаламдық жылыну теориясын "ойдан шығарылған" деп атап, климат туралы Париж келісімінен шыққан. Трамптың бұл шешімін көптеген елдер сынаған.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым дерегінше, 2017 жыл ауа-райын бақылау тарихында ең жылы болған. Зерттеушілердің айтуынша, ауадағы көмірқышқыл газының мөлшері өсіп, теңіз деңгейі де көтеріліп келеді.