Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ НАТО мүшелері Эстония, Латвия және Литваны Солтүстік Кореяға қысым жасауға шақырды. Балтық елдеріне сапары кезінде Абэ қазіргі кезде әлемдік қауымдастыққа қатер төндіріп отырған Солтүстік Кореяда халықаралық заңға негізделген тәртіпті орнықтыру және нығайту үшін баршамыз ынтымақ танытуымыз қажет деп мәлімдеген. Абэ қаңтардың 13-і күні Литва астанасы Вильнюсте сөйлеген.
Ол Оңтүстік Кореядағы қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында шиеленістің сәл босаңсығанына қарамастан, Солтүстік Кореяның ядролық және баллистикалық зымыран бағдарламаларын ауыздықтау үшін Пхеньянға «қысымды барынша күшейтудің» маңызды екенін айтқан.
Қаңтардың 13-і күні Ригадағы кездесуде Латвия премьер-министрі Марис Кучинскис де, одан соң Вильнюстегі жүздесуде Литва премьер-министрі Саулиус Свернелис те жапон премьеріне қолдау білдірген. Жапония одақтастары АҚШ және Оңтүстік Кореямен бірге Солтүстік Кореяның БҰҰ тыйымына қарамастан жалғастырып отырған ядролық қару және баллистикалық зымыран сынақтарына тоқтам салуға күш салып келеді.
Соңғы күндері қос Корея өкілдері ақпанның 9-25 аралығында Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиадаға Солтүстік Корея өнерпаздарын қатысу мәселесін талқылау үшін кездескеннен кейін Корей түбегіндегі шиеленіс аздап бәсеңдеген. Жапон премьері Еуропаға сапарын қаңтардың 12-і күні Эстониядан бастаған. Абэ бұл сапарында Болгария, Сербия және Румынияға да барады. Оған дейін аталған елдерге Жапония үкімет басшысы барған емес.