FH: Қазақстан әлі "еркін емес" елдер тізімінде

Freedom House ұйымының 2017 жылғы әлем елдеріндегі еркіндіктің ахуалы туралы есебінен алынған карта. Күлгін түспен "еркін емес" елдер бейнеленген.

АҚШ-та орналасқан Freedom House (FH) құқық қорғау ұйымы әлем елдеріндегі саяси және азаматтық еркіндіктердің жай-күйіне баға беретін өзінің жыл сайынғы «2018 жылғы әлемдегі еркіндік» деп аталатын есебін жариялады. Есепте 209 мемлекеттік құрылым – 195 ел мен 14 мемлекет статусы жоқ территорияда 2017 жылы саяси және азаматтық еркіндіктердің жүзеге асу жайына баға берілеген. Қазақстан бұл есепте де бұрынғы жылдардағыдай «еркін емес" елдер тізімінде тұр.

Ұйымның «Әлемдегі еркіндік» есебі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары басталған күні жарияланды. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі деп жоспарланған.

2017 жылы әлем елдерінде саяси және азаматтық еркіндіктердің орындалу жайы соңғы он жылдан астам уақытта болмаған ең төмен көрсеткішке түскені айтылады. Баяндама авторлары осылайша автократ басшылардың күшейіп, АҚШ-тың әлемдегі адам еркіндігін қорғаудағы жетекші рөл атқарудан алшақтап бара жатқан кезеңі аяқталмағанын айтады.

«Әлемдегі демократия шабуылға ұшырап, ол шегініп барады» делінген есепте. Құқық қорғаушылар АҚШ-тың демократияны қолдап, қорғаудағы тарихи міндетін атқарудан «барынша шегіншектеп» бара жатқанына қатты алаңдайды. Есепте әлем елдері басшыларының, оның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамптың атына да сын айтылады.

Баяндама авторлары Трамп президенттік қызметіне өзінің бизнес империясының мүдделерін киліктіріп, отбасы мүшелерін Ақ үйде жоғары лауазымды қызметтерге тағайындағанын және басқа да лауазымды орындарға лоббистерді қойғанын айтады.

Freedom House «2016 жылдың өтпелі кезеңдегі елдері» деп аталатын өзге сараптамалық баяндамасының Қазақстанға қатысты бөлімінде президент Назарбаев 2015 жылы үлкен қызы Дариға Назарбаеваны премьер-министрдің орынбасары қызметіне қойғанын айтады. Баяндама авторлары Назарбаев осылайша өз отбасы мүшелерінің биліктің атқарушы тармағындағы ықпалын күшейтті деген пікірде.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ресми ҚазАқпарат агенттігіне екі президент кездесу қорытындысы бойынша екі елдің кеңейтілген стратегиялық әріптестігі туралы бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірнеше миллиард доллардың келісіміне қол қоятынын хабарлаған.

Freedom House ұйымы ресми сайтында 1998 жылдан бері жариялаған әлемдегі еркіндік туралы барлық баяндамасында Қазақстан «еркін емес» елдер тізіміне қосылған.