Германия "Освенцим есепшісіне" рақымшылық жасамады

Оскар Гренинг.

Германия прокуратурасы СС-тің бұрынғы офицері, Освенцимдегі концлагерде есепші болған 96 жастағы Оскар Гренингке рақымшылық жасаудан бас тартты.

2015 жылы сот «Освенцим есепшісін» Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік лагерлерде 300 мың адамның өліміне қатысы бар деп айыптап, төрт жылға соттаған. Ол кезде сот процесінде Гренинг өзінің моральдық тұрғыдан кінәлі екенін мойындағанымен, сот үкімімен келіспеген болатын. Өткен жылы қарашаның соңында Германияның Жоғарғы соты оның апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Гренинг 15 қаңтарда өзіне рақымшылық жасауды сұрап өтініш білдірген. Бұл СС офицерінің жазадан жалтарудағы соңғы мүмкіндігі болатын.

Оскар Гренинг Освенцимде 1942-1944 жылдары қызмет істеген. Ол қырғынға ұшыраған тұтқындардың ақшасы мен бағалы заттарын жинап отырған. Соғыстан соң Гренинг өзінің концлагерде жұмыс істегенін жасырмады және Холокосты жоққа шығаруды сынады.

Бұрынғы «Освенцим есепшісі» 1977 жылдан бері тергелді. 2014 жылы сотта ол өзінің тұтқындардың өліміне қатысы барын жоққа шығарып, тек олардың заттарын сақтап, одан ары Берлинге жөнелтуге ғана жауапты болғанын мәлімдеген.