Қазақстанда 2017 жылы өз-өзіне қол салмақ болған 114 бала райынан қайтарылды деп хабарлады парламент мәжілісінің депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева. ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Балиева бұл туралы 19 қаңтарда Алматыда өткен жиында айтқан.
Балиева жиында Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесінің өзекті екенін айтқан. Оның сөзінше, жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу үшін балалар проблемасын ашық айтуды үйрену керек. Балиеваның мәліметінше, 2017 жылы Қазақстанда бұрынғы жылдармен салыстырғанда суицид көрсеткішінің төмендей бастағаны байқалған.
Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы есебі бойынша, Қазақстан әлемде суициді көп елдер тізімінде алғашқы бестікте тұр.