Ақтөбеде адвокат соты басталды

Ақтөбе облыстық сотындағы Раиса Якубенкоға қатысты отырыс. Жаңагүл Жүрсіннің фотосы. 19 қаңтар, 2018 жыл.

Бүгін Ақтөбе соты облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Раиса Якубенконы лицензиясынан айыру туралы ҚР әділет министрлігінің талап арызын қарай бастады. Министрлік Ақтөбедегі адвокаттар алқасының төрайымы Раиса Якубенконы «әріптестестерінің қызметін жеткілікті деңгейде бақыламады» деп айыптап отыр. Осыған байланысты ведомоство Раиса Якубенконың лицензиясын тоқтатуды сұрап, сотқа шағым түсірген. Бірақ Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Раиса Якубенко өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Раиса Якубенкоға қатысты сот 19 қаңтар күні басталды. Азаматтық істі судья Назгүл Баженова қарап жатыр. Ақтөбе облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Әлия Тасыбаеваның сотта келтірген дерегінше, департамент адвокатураның жұмысын тексеріп, 430 заң бұзушылық тапқан. Тексеруден кейін сот шешімімен Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының үш адвокаты Ғалымжан Акбаров, Айсәуле Альбакасова мен Шалқарбек Ілиясов лицензияларынан айырылды.

Әлия Тасыбаева адвокаттардың мемлекетпен кепілдендірілген құқықтық көмек беру туралы заңдылықты бұзғанын айтады. "Экс-адвокаттар құқықтық көмек көрсеткені туралы жалған құжат тапсырып, бюджеттен ақы алған. Нәтижесінде ондаған күдіктіге мемлекетпен кепілдендірілген құқықтық көмек көрсетілмеген.Ал мұндайға жол бермеуі тиіс адвокатура төрайымы адвокаттардың есебін қабылдап алып, реестрге енгізген және адвокаттардың еңбекақысын төлеу туралы сұранысты әділет департаментіне жолдап отырған", - дейді ол.

Алғашқы сот отырысына жетекшілеріне қолдау көрсету үшін қырықтан астам адвокат келді. Раиса Якубенконы үш әріптесі - Эльвира Абдуллина, Әсия Есқазина мен Людмила Никифорова қорғап жатыр. Ақтөбелік адвокаттардың бірқатары 4 желтоқсан күні баспасөз мәслихатын өткізіп, «Раиса Якубенко Қазақстанда «Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы» заң жобасының қабылдануына белсенді түрде қарсы шыққан адам. Адвокаттардың тәуелсіздігін шектейтін бұл заң жобасына біз де қарсымыз. Раиса Якубенко жоғарыға біздің дауысымызды жеткізуге тырысты. Сол үшін лицензиясынан айырылмақшы» деген болатын.