Ресей Жоғарғы сотының президиумы 25 қаңтарда Алексей Навальныйдың кассациялық шағымын қараудан бас тартып, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) оппозиционерді президент сайлауына кандидаттыққа тіркеуден бас тартуын төртінші рет заңды деп таныды.
25 желтоқсанда ОСК Навальныйды «Кировлес» ісі бойынша сотталғандықтан кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. 30 желтоқсанда Ресей Жоғарғы соты оппозиционердің ОСК шешімін заңсыз деп тану туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. 6 қаңтарда апелляциялық инстанция бұл шешімді құптаған.
Соңғы апталарда Навальныйдың сайлауалды штабтарын тінту мен еріктілерін тұтқындау туралы ақпараттар жиілеген. 25 қаңтарда Мәскеуде Навальныйдың үгіт-насихат үнпарақтарын қабырғаларға желімдеп жүрген жеткіншекті полиция бөліміне апарған. Перм өлкесінде де бір ерікті тұтқындалғанымен, хаттама толтырмай босатып қоя берген.
Великий Новгород қаласында да Навальныйдың жергілікті штабының үйлестірушісі Константин Похильчукты тұтқындап, сотқа апарған. Өткен аптада оған әлеуметтік желілерде жариялаған видеоролигі үшін нацистік символдарды көрсеткені туралы хаттама толтырған.
25 қаңтарда Навальныйдың Брянск қаласындағы штабының үйлестірушісі Александр Маркинді бір күн бұрын полиция ұстап әкеткен соң онымен байланыс үзілген.
ОСК президенттікке кандидат етіп тіркеуден бас тартқа соң Навальный жақтастарын «сайлаушылар ереуілін» өткізуге шақырған. Оппозиционердің ондаған қалада жұмыс істейтін штабтары 28 қаңтарға жоспарланған қарсылық акцияларына дайындықты бастап кетті.