АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресте бірінші рет «Мемлекеттің жағдайы» деп аталатын жолдау жасады. Жолдауда ұлттық бірігуге шақырған, ең алдымен электоратқа арналған және иммиграция мәселелерін қамтитын мәлімдемелер айтылды.
«Былтыр болған қайғылы оқиғалар, табиғи апаттар мен қанішерлер қолымен жасалған жаппай кісі өлімдеріне қарамастан әлем Жер бетінде америкалықтардан асқан табанды, бастамашыл және батыл ешкім жоғына көзі тағы жетті. Біз қауіпсіз, күшті және асқақ Американы бірге құра береміз» деді Трамп. Сонымен қатар Трамп бұрынғы биліктің «шекарада бақылау орнатуға ынталы болмауынан елде заңсыз мигранттардың қылмыстық топтары пайда болып, кінәсіз азаматтардың өлімі көбейгенін айтты. Президенттің иммиграцияға қатысты мәлімдемесін демократтар ұнатпай, қарсылық білдірді.
АҚШ президенті экономика саласында өз әкімшілігінің жетістіктерін, ең алдымен салық реформасын айтты. «Экономиканың дамуында шағын бизнестің орны бұрынғыдан да жоғары деңгейге көтерілді. Биржада бірінен соң бірі рекорд орнап жатыр, оның капиталы өткен жылы 8 триллион долларға жетті» деді Трамп.
АҚШ президенті бір жарым сағатқа созылған сөзінде Конгрестен инфрақұрылым нысандарын модернизациялауға 1,5 триллион доллар ассигнациялауды мақұлдауын сұрады. Ол Нью-Йорктегі Empire State көп қабатты ғимараты өткен ғасырдың алғашқы жартысында бір-ақ жылда салынғанын айтып, «Біздің кезімізде жол салуға рұқсат алудың өзіне 10 жыл кетіру деген масқара емес пе?» деді.
Трамп баяндамасының сыртқы саясат пен қорғанысқа қатысты бөлімінде экс-президент Барак Обаманың «аса қауіпті терроршылар» отыратын Гуантанамо түрмесін жабу туралы шешімін жойғанын айтты. Ол сонымен қатар қорғаныс саласына бөлінетін бюджет қаржысын секвестрден шығаруды қолдайтынын жеткізді.
Трамп Солтүстік Кореяға қатысты «барынша қысым жасау» саясатына басымдық берілетінін, бұрынғы әкімшіліктің Пхеньянға қатысты «қамсыз отыру» ұстанымынан бас тартқанын айтты. АҚШ президенті Ресей мен Қытайды «Американың мүдделеріне, экономикасы мен құндылықтарына қауіп төндіретін бақталастар» деп қана атап, бұл елдерге жеке тоқталмады.