Ақтөбе облысында қазір орамал тағатын кем дегенде 180 оқушы «мектеп формасын кию ережесін бұзғандықтан» мектепке бара алмай отыр деп хабарлады облыстық дін істері басқармасы. Бұл сан оқу жылы басталған кездегі көрсеткіштен екі есе аз.
Ал Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, Ақтөбе қалалық сотында орамал дауына байланысты алты іс қаралып жатыр. Тағы бір істі Ақтөбе соты 30 қаңтар күні Темір аудандық сотына жолдаған.
- Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Темір ауданы Кеңқияқ ауылының тұрғындарынан шағым түскен еді. Бірақ мұндай істерді қарау кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттың құзырына кірмейтіндіктен, Кеңқияқ тұрғындарының шағымы аудан орталығы Темірге жолданды, - дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Темір ауданындағы Кеңқияқ кентінің тұрғыны Жанаргүл Бегімбетованың айтуынша, ауылда үшінші тоқсан басталғалы мектепке кіре алмай отырған 10 оқушы қыз бар. Олардың барлығы сабаққа орамал тартып барады. Жанаргүл Бегімбетова мұғалімдердің әрекетін «бала құқын бұзу» деп санайды. Сондықтан мектеп директорының үстінен сотқа шағымданған.
- Үш апта бойы сабақтан қалған балаларға Кеңқияқ мектебінің басшылары 29 қаңтардан бастап мектепке кіруге рұқсат берді. Бірақ мұнымен мәселенің шешілгеніне күмәнім бар. «Орамалдарыңды шешіңдер!» деген талапты мұғалімдердің қайта қоймасына ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан бұл іспен Темір аудандық соты айналысуын талап етеміз, - дейді Жанаргүл Бегімбетова.