Кубаның мемлекеттік ақпарат құралдары елдің бұрынғы басшысы Фидель Кастроның үлкен ұлы Фидель Кастро Диас-Баларттың өзіне қол салғанын хабарлады. Ресми Granma газетінің 1 ақпанда хабарлауынша, «соңғы бірнеше айда қатты күйзеліске түсіп, дәрігерлерге қаралған Диас-Баларт 1 ақпан күні таңертең өзіне қол салды».
68 жастағы Фидель Кастро Диас-Баларт есімі әкесінің есімімен бірдей болғанына байланысты Фиделито деген атпен белгілі болған. Ресми мәлімет бойынша, Фидель Кастроның 11 баласы болған.
Мемлекеттік БАҚ ақпаратына қарағанда, кіші Фидель Кастро Диас-Баларт Куба мемлекеттік кеңесінің ғылыми кеңесшісі болған және Куба ғылым академиясының вице-президенті қызметін атқарған. Анасы Мирта Диас-Баларт-и-Гутиеррес Фидель Кастроның бірінші әйелі болған.
Үлкен Фидель Кастро Кубаны ондаған жыл басқарған. Ол 2016 жылы 25 қарашада 90 жасында қайтыс болған.