Өткен жылдың соңына қарай Солтүстік Қазақстан облысындағы колониядан Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеге жеткізілген бетте жазалау орнына (карцер) қамалған азаматтық белсенді Вадим Курамшинді ол жерден шығарып, әдеттегі орынға ауыстырған. Бұл туралы Азаттыққа жұма күні Курамшиннің өзі хабарлады. Ол ақпаратты қамау мекемесінің қызметкері де растады.
2017 жылғы 10 желтоқсанда Курамшинді Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Горный кентіндегі ЕС-164/4 ерекше режимдегі колониясынан этаппен жөнелткен. Екі күннен кейін Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының шетіндегі ерекше режимдегі ОВ-156/20 мекемесіне түскен Курамшинді тексерген түрме қызметкерлері тұтқыннан "тыйым салынған заттар" тауып алғаннан кейін жаза тағайындаған.
Курамшиннің өзі 13 желтоқсаннан бастап тәртіптік изоляторға (ДИЗО, түрме карцері) қамауда болғанын айтады. Оның сөзінше, 15 желтоқсанда ол "түрменің ішкі тәртібін қасақана бұзған" деп танылып, соның негізінде оны бір жыл бойы кездесу құқығынан айырған. Бұған қоса, әдеттегі тұтқындармен салыстырғанда өзге де құқықтары шектелген.