Қазақстан қаржы министрлігі өзіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері "заңсыз криптовалюта өндірумен айналысқан" деген ақпарат бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі Facebook-тегі парақшасында хабарлаған.
"Қазіргі уақытта Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитеті жариялаған ақпаратқа қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Қазақстан қылмыстық-процесуалдық кодексіне сәйкес, тергеу барысы туралы ақпаратты тек қылмыстық қудалау органы прокурордың келісімі бойынша бере алады. Сондықтан, жария болған фактіні растауға немесе жоққа шығаруға өкілетіміз жоқ. Сонымен бірге Комитет пен бүкіл Қаржы министрлігінің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер жоқ екені туралы хабарлаймыз" делінген министрлік ақпаратында.
Жұма күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша департаменттеріндегі мемлекеттік ақпараттық жүйелердің серверлерінде криптовалюталар өндіру (майнинг) фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің "Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникациялық желінің жұмысын қасақана бұзу" және "Зиянды компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалну немесе тарату" баптары бойынша қылмыстық істерді тергеу жүріп жатқаны туралы хабарлаған.
"Криптовалюталар майнингіне департаменттердің өздерінің, олардың аудандық бөлімшелерінің ақпараттық жүйелерінің серверлері, сондай-ақ қызметкерлердің анағұрлым өнімді қызметтік компьютерлері қолданылған" делінген ҰҚК таратқан ақпаратта.
Тергеу болжамы бойынша, "серверлер мен компьютерлерге есептеуіш ресурстарды пайдаланатын арнайы бағдарламалар (майнерлер) жасырын орнатылған, ол ақпаратты өңдеу жылдамдығын төмендеткен және олардың жұмысын баяулатуға әкеп соққан. Осы бағдарламалар жүйелік қызметтер түрінде орнатылып, вирусқа қарсы айрықша бағдарламалар тізімдеріне енгізілген".
Әзірше бұл іс бойынша қанша адамның күдікті ретінде тергеуге алынғаны туралы хабарланған жоқ.