Ақтөбедегі жиында "орамал дауы" туралы мәмілеге келе алмады

Ақтөбедегі "орамал дауы" туралы жиынға қатысушылар. 3 ақпан 2018 жыл.

Бүгін Ақтөбеде "орамал дауына" қатысы бар тараптар "дөңгелек үстел" басына жиналып, қалыптасып отырған мәселені шешудің жолдарын талқылады. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен "Нұр Отан" партиясы Ақтөбе филиалының ғимаратында өткен жиынға "орамал дауына" байланысты балалары мектепке кіре алмай жүрген ата-аналар, шенеуніктер мен заңгерлер – барлығы қырықтан астам адам қатысты.

Жиында өзін Дәулеткерей Нәзеновпін деп таныстырған азамат Ақтөбеде "орамал дауына" қатысы бар тұрғындарға "жан-жақты қысым жасалып жатыр" деп мәлімдеді.

- Балалары мектепке кіре алмай отырған отбасыларды құрамында ішкі саясат бөлімі қызметкерлері, полиция өкілдері мен мектеп мұғалімдері бар делегациялар аралап жүр. "Балаларыңыз орамалдарын шешсін, әйтпесе сіздер түрлі қиындыққа тап боласыздар. Ата-аналық құқықтарыңыздан айырамыз, айыппұл саламыз" деп қорқытады. Орамал тартатын балалардың ата-аналарына психологиялық қысым жасалып жатыр. Бұл - нағыз репрессия, - деді Дәулеткерей Нәзенов.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев мемлекеттік органдар өкілдері заң аясында әрекет етіп жатыр деп жауап берді.

- Мектеп директорлары – заңның орындалуын қадағалап отырған кісілер. Ақтөбе облысындағы 135 мың оқушының 177-сінің сабаққа келмей отырғаны билікті де қатты алаңдатып отыр, - деді Нұрғалиев.

Жиында сөз алған ата-аналар жоғарғы сыныптағы орамал тағатын балаларын онлайн арқылы қашықтан оқыту және қыз балаларға арналған мектеп-медресе ашу туралы өтініштерінің жүзеге асуына жоғары жақтағылар жәрдем жасаса деген тілектерін білдірді. Ата-аналардың орамал дауына қатысты ұсыныстарын тыңдағаннан кейін облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев талап-тілектерді облыс басшылығы мен Астанадағы тиісті министрліктерге жеткізуге уәде етті.

Екі жарым сағатқа созылған жиын соңында тараптар ортақ мәмілеге келген жоқ. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев алдағы аптада осындай тағы бір жиын өтетінін хабарлады.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, қазір облыста "орамал дауына" байланысты мектепке сабаққа кіре алмай отырған 177 оқушы бар. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов әлгі балалардың 130-ы – "балиғат жасына жетпеген", яғни төменгі сынып оқушылары екенін айтады.