АҚШ мемлекеттік хатшысының арнайы өкілі Бішкекке сапарлайды

Қырғызстан мен АҚШ тулары (Көрнекі сурет).

АҚШ мемлекеттік хатшысының Ауғанстан және Орталық Азия мәселелері бойынша көмекшісінің орынбасары Генри С. Эншер 5 ақпанда Бішкекке сапарлап барады. АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігі қоғаммен байланыс бөлімінің хабарлауынша, Генри Эншер Қырғызстан басшылары, парламент депутаттары және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесіп, екі жақты қарым-қатынас мәселелерін талқылайды.

«Елші Эншер сонымен қатар АҚШ үкіметінің алмасу бағдарламасына қатысатындармен де кездеседі. Сапар мақсаты – Қырғызстан үкіметі атқаратын міндеттерді білу және ортақ мүддеге қатысы бар мәселелерді талқылау» делінген елшілік хабарламасында.

Генри С. Эншер 2011-2014 жылдары АҚШ-тың Алжирдегі елшісі болған. Ол сонымен қатар АҚШ-тың Венадағы халықаралық ұйымдардағы өкілдігіндегі миссия басшысы, Ауғанстанның «Кандагар – Оңтүстік» әскери аэродромында азаматтық өкіл болған. Эншер АҚШ Мемлекеттік департаментінің Ауғанстан ісі басқармасының директоры және департаменттің Таяу Шығыс бюросында Ирак саяси мәселелері бойынша директоры қызметін де атқарған.