«Алматы қалалық соты бұрынғы ЛА-155/18 мекемесі бастығының міндетін атқарушы Ермек Омарбековтің түрме жазасын екі жылға дейін азайтты» деп хабарлады Азаттыққа қалалық соттың баспасөз хатшысы Бауыржан Ахметов.
Былтыр қарашада Алматының Түрксіб аудандық соты Омарбековті қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды және қызметінде әрекетсіздік танытты деп айыптап, бес жылға соттаған.
Наталья Слекишина 2015 жылы «қарақшылық жасаған» деген айыппен сегіз жылға сотталған. 2016 жылы жазда ол қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде тергеу кезінде қамауда отырғанында зорлауға ұшырағаны туралы мәлімдеген. Слекишина өзін түрменің бірнеше қызметкері топтасып зорлап, содан жүкті болғанын, кейін босанғанын айтқан. Күдіктілер тұтқын әйелдің сөзін жоққа шығарған. Кейін сараптама нәтижесінде абақтыда дүниеге келген сәбидің әкесі түрме қызметкерлерінің бірі – 37 жастағы Руслан Хакимов екені анықталған. Слекишинаның сөзіне қарағанда, Омарбеков бұл қылмысты білген.
Түрксіб аудандық сотының үкімімен Омарбеков әділет подполковнигі шенінен айырылып, мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылған.
Топ болып зорлау оқиғасы бойынша жәбірленуші Наталья Слекишина 2016 жылы желтоқсанда Алматы облыстық соты жаза мерзімін кейінге қалдырған соң 2017 жылы ақпанда бостандыққа шыққан.
Видео: Слекишина мен сәбиі бостандыққа шықты (03.02.2018)
Your browser doesn’t support HTML5
2016 жылы қыркүйектің 30-ы күні Алматының Түрксіб аудандық соты түрме қызметкері Руслан Хакимовты «зорлау», «азаптау» және «билiгін немесе лауазымдық өкiлетін асыра пайдалану» бойынша айыпты деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Түрменің бұрынғы бірнеше қызметкері бұл іс бойынша куәгер болған.