Samsung басшыларының бірі түрмеден босатылды

Samsung Electronics компаниясының вице-президенті Ли Джэен Сеул сотынан бостандыққа шығып келе жатыр. Оңтүстік Корея, 5 ақпан 2018 жыл.

Дүйсенбіде Оңтүстік Корея астанасы Сеулде апелляциялық сот ең бай кәсіпкерлердің бірі, "Samsung Electronics" компаниясының вице-президенті Ли Джэенге кесілген бес жыл түрме жазасын, екі жарым жылға қысқартты. Жаза төрт жылдан кейін орындалатындықтан Ли Джэен уақытша босатылды.

- Артқан сенімді ақтай алмағаным үшін бәрінен тағы кешірім сұраймын. [Түрмедегі] бір жылымды ойланумен өткердім, - деді Ли Джэен журналистерге.

Былтыр Оңтүстік Кореяда жемқорлық дауы өршіп, оның соңы ел президенті Пак Кын Хенің биліктен кетіп, қамауға алынуына соқтырған. Бұл істе 49 жастағы Ли Джэен де жазаланған.

Тергеу пайымынша, Ли президенттің досы Чхве Сун Силь басқаратын қайырымдылық қорлары арқылы үкіметке 36 млн доллар пара берген. Ондағы мақсаттарының бірі - компанияны өзіне мұрагерлікпен өткізіп алу болған-мыс.

Жоғары технологиялы электроника жасайтын әлемдегі ірі компаниялардың бірі "Samsung Electronics"​ - Оңтүстік Кореяның маңызды өндіріс алыбы. Ли Джэен​ - компания президенті Ли Гон Хидің ұлы.