Зейнеткер Тарасовтар тағы да наразылық акциясын өткізді

Облыстық прокуратура алдында наразылық акциясын өткізіп тұрған Валентина және Владимир Тарасовтар. Өскемен, 5 ақпан 2018жыл

Шығыс Қазақстан облысында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер – 76 жастағы Владимир Тарасов және 72 жастағы Валентина Тарасовалар 2013 жылы қаза тапқан ұлдарының ісіне қатысты әділ тергеуді талап етіп, облыстық прокуратура алдында наразылық акциясын өткізді. Оларға прокуратура өкілдері бейбіт митинг өткізу заңын бұзғандары туралы ескерту жасаған. Алайда, зейнеткерлерге әкімшілік шара қолданылмаған. Облыс прокуроры Құсайын Игембаев қабылдап, олардың талаптарын тыңдаған.

Тарасовтардың Азаттық тілшісіне айтуынша, оларды баласының қазасына қатысты тергеу материалдарында "прокуратураның осы іске қатысты жиындарына қатысты" деп көрсеткен. Ал Тарасовтар ондай жиындарға қатыспағандарын айтады.

Зейнеткерлер облыс прокурорына "ұлдарының қазасына қатысты істі тергеуді жалғастыру жөніндегі парламент депутаттарының кеңесі бола тұра, істі зерттеу жүрмей жатыр, ол нұсқау мерзімі ақпанның 7-інде бітеді" деген шағымдарын айтқан. Игембаев ерлі-зайыпты Тарасовтармен ақпанның 8-інде қайта кездесуге уәде еткен. Осыдан соң зейнеткерлер қарсылық акцияларын тоқтатқан.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облыстық апелляциялық соты қос зейнеткердің ұлы Григорий Тарасовтың қазасына қатысты қылмыстық істі тергеуді доғарумен келіспейтіні туралы арызын қараудан бас тартқан Өскемен қалалық сотының үстінен жазған шағымын қанағаттандырмаған болатын. Былтыр қарашаның 27-і күні Өскемен қаласының соты тергеу тобының басшысы полковник Талғат Ібікеновтің 2017 жылдың 3 тамызында Григорий Тарасовтың қазасына қатысты қылмыстық істі доғару туралы шешіміне қарсы марқұмның ата-анасының берген шағымын қараудан бас тартқан. Зейнеткерлер тергеушілердің "қылмыс құрамы жоқ" деген негізбен қылмыстық істі доғаруын заңсыз деп шағымданған.

39 жастағы Григорий Тарасовтың қазасы туралы іс бұған дейін біресе жабылып, біресе шешімге наразы қарт ерлі-зайыптылардың қарсылық акцияларын өткізіп, олармен ішкі істер министрлігі мен прокуратура өкілдері кездескеннен кейін қайта ашылып келген болатын. Тарасовтар кісі қолынан қаза тапқан деп санайтын ұлдарының өлімінің жай-жапсарын анықтау үшін тергеу жүргізуді талап етіп келеді. Тергеу орындары Григорий Тарасов жазатайым оқиғаға ұшыраған деп санайды.