Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ақтөбе облысындағы қыздары мектепке орамал тартып баратын ата-аналардың балаларын мектепке жібермей, қашықтан оқыту туралы ұсынысына комментарий берді.
Астанада үкімет отырысынан кейін Азаттық тілшісіне берген жауабында Сағадиев бұл мәселені жүйелі түрде оны талқылау қажетін айтты. «Біз оған мүмкіндік береміз бе, бермейміз бе соны талқылап, ата-аналармен келіссек, бұл мәселеге қатысты өз жобаларымызды дайындаймыз» деді.
Министрдің айтуынша, орамал дауын реттейтіндей жеткілікті нормативтік құжат бар және ол «Ақтөбе мен Астанада орамал дауына қатысты болған бірнеше сот отырысында көрсетілді». Ол орамал дауына қатысты өздерінің заңдарға енгізетін құжаттары дайын екенін және оны мәжіліске түсіретінін айтты.
Ерлан Сағадиев орамал тағатын қыздарға арналған мектеп салу туралы бұған дейін айтылған ұсынысы «дұрыс шешім болмайтынын», мектепте сабақ мемлекеттік стандарт бойынша сабақ өткізілетінін айтты.
«Балалар қандай мектепке барса да бір стандартпен оқиды» деді Ерлан Сағадиев.
Бұған дейін Ақтөбе облысында бірнеше ата-ана орамал тартатын қыздарын мектепке кіргізбей қойғаннан кейін Ресей мектептеріне ақылы түрде қашықтан оқытуға ұйғарғанын айтқан.
Оқи отырыңыз: "Орамал дауында" ортақ мәмілеге келе алмай отыр
Ақтөбе облыстық дін істері департаменті бұған дейін оқу жылының үшінші тоқсаны басталғалы облыста орамал тартатын кем дегенде 210 қыз бала мектепке бара алмай отырғанын хабарлаған еді. Департаменттің соңғы дерегінше, қазір бұл сан 173-ке дейін азайған.
Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті бұған дейін Ақтөбе облысында «орамал дауына» орай балалары мектепке бармай отырған он ата-ананың әрқайсына 12025 теңгеден айыппұл салынғанын, ал тағы екі ата-анаға айыппұл салу үшін құжаттары әзірленіп жатқанын хабарлаған.