Тәжікстанда президент сайлауы туралы заң өзгертілмек

Тәжікстан парламентінің жиыны (Көрнекі сурет).

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы 7 ақпан күні "Тәжікстан Республикасы президентін сайлау туралы" заңға өзгерістер енгізу жобасын талқылайды. Жобада президенттіктен үміткердің жас шектеуін 35-тен 30-ға қысқарту қарастырылады.

Бұл түзетулер 2016 жылы мамырда елде өткізілген конституциялық референдумнан кейін туындаған. Конституциялық өзгерістер бойынша, іс басындағы президент Эмомали Рахмон шектеусіз мерзімге сайлана алады.

«Бұған қоса, референдумда қабылданған Тәжікстан Конституциясына өзгерістер бойынша, 30 жасқа толған азаматтар ел президенті және парламент депутаты бола алады. Бұған дейінгі жас шектеуі 35 және 25 жас еді», - деді тәжік парламентінің депутаты Саиджафар Усмонзода.

2016 жылы 22 мамырда Тәжікстанда ел Конституциясына толықтырулар және өзгертулер енгізу жөнінде референдум өткен. Билік ұсынған қырыққа жуық өзгертулердің ішінде екеуі ерекше маңызды. Ол бойынша,Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон өзін президенттікке ешқандай кедергісіз ұсыну құқығына ие болды. Сонымен қатар, президент қызметіне үміткерлердің жас шектеуі қысқартылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер енгізілген соң Эмомали Рахмонның үлкен ұлы Рустами Эмомали 2020 жылы президенттікке үміткер бола алады.