Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей өз аумағында зымырандарын қалаған жеріне орналастыратынын мәлімдеді. Песков бұл жайында 6 ақпанда Калининград облысына жедел-тактикалық әрекет ететін «Искандер» зымыран кешендерін орналастыруға қатысты комментариінде айтты. 5 ақпан күні Литва президенті Даля Грибаускайте «Калининград облысына «Искандер» кешендері ұзақ уақытқа орнатылып жатқанын» мәлімдеген.
Литваның Рукла қаласындағы НАТО әскері орналасқан жерге барған Грибаускайте зымыран кешендері Литваның ғана емес, «Еуропа елдерінің жартысына» қауіп төндіретінін айтқан.
Ресей Мемлекеттік думасы қорғаныс комитетінің төрағасы Владимир Шаманов 5 ақпан күні ресейлік БАҚ-қа берген комментариінде зымыран кешендері орнатылып жатқанын растаған.
Пентагон бұған дейін Ресейдің өз аумағына орта қашықтыққа ұшатын ұшатын зымырандар орнатуын «1987 жылы жасалған Орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнің мақсаты мен мәнін бұзады» деп айыптаған. Ол келісім бойынша, 500 километрден 5500 километр қашықтыққа дейін ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарға тыйым салынатын болған.
Америкалық әскери шенеуніктер бұған дейін Ресей зымырандарын «НАТО елдері мен альянсқа қарайтын нысандарға қауіп төндіру үшін әдейі орнатып жатқанын» мәлімдеген.