Ресейлік хакерлер АҚШ қорғаныс министрлігімен ынтымақтасып жұмыс істейтін ірі компаниялардың мәліметтерін ұрлаған деп хабарлады Associated Press агенттігі. Пилотсыз ұшақтар, зымырандар мен истребительдер жасаумен айналысатын 90-ға жуық қызметкер хакерлік шабуылға ұшыраған.
Хакерлік шабуылға ұшырағандар арасында Boeing және Airbus компаниялары мен басқа да фирмалар бар. Қызметкерлердің кейбірі хакерлердің жалған хаттарын ашып қойған. Нақты қандай ақпараттардың ұрланғаны әзірге белгісіз. Бірақ компаниялар айналысқан жобалардың көпшілігі құпия болған.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, хакерлік шабуылға Fancy Bear тобының қатысы бар. АҚШ арнайы қызметі бұл топты 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына килікті және Кремльмен жұмыс істесті деп айыптайды. Бірақ Мәскеу хакерлерді қолдағанын талай рет жоққа шығарған.