Шығыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының басшылығы ақпанның 9-да 76 жастағы Владимир Тарасов және 72 жастағы Валентина Тарасовалардың шағымын қараудан бас тартты. Олар балалары Григорий Тарсовтың қазасына байланысты қылмыстық істе заңгерлік көмек сұрап жүгінген облыстық адвокаттар алқасы мүшелерінің көмектен "келісім-шарттары бола тұра бас тартқанына" байланысты арызданған еді. Адвокаттар ұйымының төралқасы былтыр, жыл соңында да Тарсовтар шағымын кері қайтарған.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облыстық апелляциялық соты қос зейнеткердің ұлы Григорий Тарасовтың қазасына қатысты қылмыстық істі тергеуді доғарумен келіспейтіні туралы арызын қараудан бас тартқан Өскемен қалалық сотының үстінен жазған шағымын қанағаттандырмаған болатын. Былтыр қарашаның 27-і күні Өскемен қаласының соты тергеу тобының басшысы полковник Талғат Ібікеновтің 2017 жылдың 3 тамызында Григорий Тарасовтың қазасына қатысты қылмыстық істі доғару туралы шешіміне қарсы марқұмның ата-анасының берген шағымын қараудан бас тартқан. Зейнеткерлер тергеушілердің "қылмыс құрамы жоқ" деген негізбен қылмыстық істі доғаруын заңсыз деп шағымданған.
39 жастағы Григорий Тарасовтың қазасы туралы іс бұған дейін біресе жабылып, біресе шешімге наразы қарт ерлі-зайыптылардың қарсылық акцияларын өткізіп, олармен ішкі істер министрлігі мен прокуратура өкілдері кездескеннен кейін қайта ашылып келген болатын. Тарасовтар кісі қолынан қаза тапқан деп санайтын ұлдарының өлімінің жай-жапсарын анықтау үшін тергеу жүргізуді талап етіп келеді. Тергеу орындары Григорий Тарасов жазатайым оқиғаға ұшыраған деп санайды.
Тарасовтар - Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы, Белоусовка ауылының тұрғындары.