Мәскеу түбіне құлаған ұшақтағы 71 адамның қаза тапқаны хабарланды

"Саратов әуе жолдары" компаниясына тиесілі AН-148 ұшағының қалдықтары. Мәскеу. 11 ақпан, 2018 жыл.

Бүгін Мәскеу түбінде "Саратов әуе жолдары" компаниясының жолаушы ұшағы құлап, 71 адамның қаза тапқаны хабарланды. АН-148 ұшағы "Домодедово" әуежайынан Орск бағытына ұшып шығар кезде апатқа ұшыраған. Апат туралы мәліметтер анықталып жатыр. Борттағы 65 адам - жолаушы, қалған алты адамның экипаж мүшесі екені хабарланды. Жолаушылар тізімі бірден жарияланбағанымен, олардың дені Орынбор облысынан екендігі айтылады.

Ұшақ қалдығы Мәскеу түбіндегі Раменск ауданында табылып, қазір 150 шамалы құтқарушы іздестіру жұмысына тартылған. Апат орнынан 50 адамның мәйіт қалдығы табылып отыр. Ұшақ қалдығы бір километр бойында шашылып жатқаны хабарланған.

Ресей телерналарының мәліметіне қарағанда, құлаған ұшақ 2010 жылы шығарылған. Апат болған жердегі қалың қар іздестіру жұмысына кедергі келтіріп, қар тазалана бастаған.

Ел президенті Владимир Путин мен Мәскеу мэрі Сергей Собянин қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтатынын жариялады.