СІМ: Мәскеудегі ұшақ апаты құрбандары арасында Қазақстан азаматы жоқ

Мәскеу түбіне құлаған ұшақ құлаған аумақта жұмыс істеп жатқан құтқарушылар. 11 ақпан 2018 жыл.

«Мәскеу түбінде құлаған «Саратов әуе жолдары» компаниясының ұшағында қаза тапқандар арасында болжам бойынша Қазақстан азаматы жоқ» деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ).

Министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовтың Facebook-те хабарлауынша, Ресейдегі қазақстандық дипломаттар жергілікті органдармен байланыс орнатып, жағдайды бақылап отыр.

СІМ сонымен қатар ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтатынын хабарлады.

11 ақпан күні Мәскеудің «Домодедово» әуежайынан Орск бағытына ұшып шыққан «Саратов әуе жолдары» компаниясының Ан-148 ұшағы құлап, бортындағы 71 адам түгел қаза тапқан. Борттағы 65 адам - жолаушы, қалған алты адамның экипаж мүшесі екені хабарланды. Жолаушылар тізімі әзірге жарияланбағанымен, олардың дені Орынбор облысынан екендігі айтылады.

Ұшақ сынықтары Мәскеу түбіндегі Раменск ауданында табылды. Қазір 150-ге жуық құтқарушы іздестіру жұмысына тартылған. Апат орнынан 50 адамның мәйіті табылды. Ұшақ қалдығы бір километр бойында шашылып жатқаны хабарланған.

Ресей телерналарының мәліметіне қарағанда, құлаған ұшақ 2010 жылы шығарылған. Апат болған жердегі қалың қар іздестіру жұмысына кедергі келтіріп, қар тазалана бастаған.

Ұшақ апатының мән-жайы мен себептерін анықтайтын тергеу жұмысы басталды. 11 ақпан күні кешке ұшақ кабинасындағы ақпаратты жазып алатын құрылғы («қара жәшік») табылғаны хабарланды.

12 ақпан Орынбор облысында ұшақ апаты құрбандарын аза тұту күні болып жарияланды.