Астанада 16 ақпанда жер туралы заң жобасын қоғамдық талқылау басталды. Талқылауға ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, мәжілістің аграрлық комитетінің депутаттары мен қоғам белсенділері қатысып жатыр.
«Jumbaktas» қонақүйінде басталған талқылауды қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан жүргізіп отыр. Жиынды қоғам белсендісі Сағат Жүсіп ашып, жиынға қатысушыларды жер туралы заңды «сабырмен талқылауға» шақырды.
Талқылауда алғашқы болып ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады. Вице-министр заң жобасы төрт сұрақ шеңберінде дайындалғанын айтты. Оның сөзінше, заң жобасында «жерді шетелдіктерге жалға беретін бір де бір норма қарастырылмаған. «Құрамында шетелдіктердің қандай да бір үлесі бар қазақстандық компаниялар мен ұйымдарға ауыл шаруашылығы жері жалға берілмейді» деді Ерлан Нысанбаев заң жобасы жайлы.
Бұдан соң мәжіліс депутаты Берік Оспанов «парламент жер туралы заңды бір жақты түрде қабылдап тастады» деген әңгіме туындамасын деп жер мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылғанын айтты.
Парламент мәжілісі былтыр қарашада "Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған.
Жер мәселесін талқылаудан тікелей эфир