Қырғызстанда милиция өкілдеріне "азаптау" бабымен іс қозғалды

Көрнекі сурет.

Қырғызстанның Талас облысы Бакай-Ата аудандық прокуратурасы жергілікті милиция қызметкерлерінің үстінен Қылмыстық кодекстің "Азаптау" бабы бойынша іс қозғады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Бас прокуратура ақпарат бөлімінің хабарлауынша, өткен жылғы желтоқсанның 25-і күні Бакай-Ата аудандық милиция бөліміне мал ұрлау қылмысына күдікті ретінде азамат М.А. жеткізілген. Милиция қызметкерлері күдіктіні "қылмыс жасағанын мойындатқызу" үшін азаптаған: басына полиэтилен қап кигізіп тұншықтырған, ұрып-соққан.

2018 жылғы қаңтардың 18-і күні жасалған сот-медициналық сараптама күдіктінің денесіне түскен жарақат іздерін анықтаған. Дәрігерлер қорытындысы бойынша, жеңіл дәрежелі жарақат алған күдіктінің денсаулығына қысқа мерзімді зиян келген. Сот-психологиялық-психиатриялық қорытындысына сәйкес, зардап шегуші алған жарақатынан кейін күйзеліске түскен.

Мал ұрлығы фактісі бойынша Бакай-Ата аудандық ішкі істер бөлімі жүргізген алдын ала тексеру барысында арыз берген тұрғынның малы ұрланбағаны, ол мал көршілерінен табылғаны анықталған. Осыған байланысты тергеушілер қылмыс құрамы жоқ болғандықтан қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім шығарған.

"Азаптау" бабы бойынша қозғалған істің тергеуін Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Талас облыстық басқармасы жүргізіп жатыр деп хабарланды.