Астананың Сарыарқа аудандық азаматтық істер соты 19 ақпан күні Қазақстан әділет министрлігі өкілдерінің адвокат Хамида Айтқалиеваны лицензиясынан айыру туралы арызын қанағаттандырмай тастады. Сот шешімнің тек қорытынды бөлімін жариялады.
Адвокат Хамида Айтқалиеваның айтуынша, ол «әділетті және заңды» шешім шығарған сотқа разы. «Бұл менің ғана емес, барлық адвокаттар қауымының пайдасына шешілген шешім болды» деді Айтқалиева.
Әділет министрлігінің өкілдері арызында адвокат «жариялауға болмайтын» мәліметтерді әйгілеп, қылмыстық-процессуалдық кодекстің бірнеше бабын бұзды деген.
Хамида Айтқалиева билік бұл арызы арқылы өзіне «ұнамайтын және бірбеткей» адамнан құтылғысы келеді деп біледі. Айтқалиеваның пікірінше, министрлік фармация комитетінің бұрынғы төрағасы, үйқамақта отырған Лариса Пакты қорғаумен айналысуына кедергі келтіруге тырысып отыр.
Лариса Пактің қылмыстық ісіне және өзінің адвокаттық құқығының бұзылуына қатысты жағдай туралы Хамида Айтқалиева Facebook-тегі парақшасында көп жазған. Ол желіде сонымен қатар қазір парламент қарап жатқан «Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы» заң жобасына қарсы сыни пікір білдірген.
Әділет министрлігі дайындаған бұл заң жобасын қатысты бұған дейін қазақстандық басқа адвокаттар да сынап, оның ұсынылған күйінде қабылдануына қарсылық танытқан.
Оқыңыз: Адвокаттар заң жобасынан шектеу көреді
Биыл қазанда 500-ден астам адвокат Қазақстан премьер-министріне үндеу жолдап, «Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы» заң жобасы әділет министрлігі дайындаған күйінде қабылданбауы тиіс екенін мәлімдеген. Адвокаттар үкімет заңды өзгерту арқылы адвокаттар қызметіне килігіп, жаппай бақылау орнатқысы келеді деп мәлімдеген. Бірақ министрлік мұндай ниеті барын жоққа шығарады.