Ауғанстанда шабуылдардан оннан аса адам қаза тапқан

Террорлық шабуыл болған маңда тұрған ауған қауіпсіздік күштері. Кабул, 24 ақпан 2018 жыл

Сенбі күні Кабул қаласында болған күшті жарылыс салдарынан бір адам қаза тауып, алты кісі жараланған. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Налжиб Даништің мәлімдеуінше, жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 8:15 кезінде, Кабулдағы НАТО-ның штаб-пәтері мен АҚШ елшілігі орналасқан жерге жақын маңдағы Шашдарақ ауданында жанкешті өзін жарып, мерт болған.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы бұл шабуылға жауапкершілікті алатыны туралы мәлімдеген.

Бұған қоса Ауғанстан қорғаныс министрлігі елдің батыс аймағында жұманың кешінде басталған Талибан содырларымен шайқас сенбіге дейін жалғасып, үкімет күштерінен 18 сарбаз қаза тапты деп хабарлаған.