АҚШ биатлон федерациясы Ресейдің Тюмен қаласында наурыз айында өткелі отырған әлем кубогы жарысына бойкот жариялады. Федерация бұл туралы мәлімдемесін Twitter әлеуметтік желісіндегі ресми парағында жариялаған.
Мәлімдемеде Ресейдің Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік кодексіне әлі күнге сай еместігі, ал бұл елге келетін спортшыларға қауіп төнетіні айтылған. АҚШ биатлон федерациясы сонымен бірге Халықаралық биатлон федерациясының әлем кубогы жарысын Тюмен қаласында өткізу туралы шешімін құптамаған.
Халықаралық олимпиада комитетінің өкілі Марк Адамс америкалық биатлон федерциясының шешіміне қатысты журналистерге берген комментарийінде "бойкоттың көмегімен әлденеге қол жеткізу қиын" деп мәлімдеген.
Өткен жылдың соңында Канада биатлон ассоциациясы Тюмендегі жарысқа бойкот жариялайтыны туралы мәлімдеген. Олар бұл шешімін Ресейдің допингке қарсы жүйесіне деген сенімсіздікпен түсіндірген.