БАҚ: Ким Чен Ын мен әкесі 90 жылдары Бразилия паспортын заңсыз алған

Ким Чен Ын, Солтүстік Корея басшысы.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын мен оның әкесі Ким Чен Ир 1990 жылдары батыс елдеріне виза жасату үшін теріс жолмен алған бразилиялық паспортты пайдаланған деп хабарлады дереккөздеріне сілтеген Reuters агенттігі.

Паспорттар Йозеф Пках пен Иджонг Чоидың атына рәсімделген. Ол паспорттар кем дегенде батыстық екі елдің елшілігінен виза алуда қолданылған. Ким Чен Ынның суреті бар паспорттағы адамның туған күні 1983 жылдың 1 ақпаны деп көрсетілген. Ал Ким Чен Ирдің суреті бар паспорттағы адамның туған күні 1940 жылдың 4 сәуірі деп көрсетілген. Агенттік дерегінше, бұл паспорттар Бразилия, Жапония және Гонконгке барғанда пайдаланған болуы мүмкін.

Дереккөздерінің бірінің айтуынша, мұндай паспортты иелену Солтүстік Корея басшыларының саяхат жасауға ынталы екенін және қауіп төнсе Солтүстік Кореядан кетіп қалу мүмкіндігіне ие болу ниеті барын білдіреді.

Солтүстік Кореяның Бразилиядағы елшілігі бұл ақпаратқа қатысты комментарий беруден бас тартты. Бразилия Сыртқы істер министрлігі ақпаратты тексеретінін хабарлады.