Алматы облысының Жамбыл ауданында су басуға байланысты төтенше жағдай жарияланды деп хабарлады облыс әкімі баспасөз қызметіне сілтеген жергілікті агенттіктер.
Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалыммұрат Жүкелдің айтуынша, Жамбыл ауданының Қайназар ауылында бірнеше көшені су басқан. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті биліктің күшімен суды ағызып жатыр. Су басуға байланысты ауылда кезекшілік қойылған.
Күннің күрт жылынып, қардың еруіне және жауын-шашынға байланысты Алматы облысында өткен аптадан бері бірнеше ауданда ондаған үйдің ауласы мен қора-қопсысын су басты.
ТЖД таратқан ақпараты бойынша, 27 ақпан күні түстен кейін Қайназар ауылында жаңбыр мен еріген қар суынан төрт көшеде 50 үйдің ауласын су басқан. Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті билік, Ұлттық гвардияның сарбаздары мен бес арнайы техника аулалардан суды ағызып, арықтарды тазартып жатыр.
Ал аудан орталығы Ұзынағаш ауылында Баспан көшесіндегі 100 үйдің ауласын су басқан. Мұнда да төтенше жағдайлар қызметкерлері суды ағызу және құм салынған қаптармен бөгет тұрғызу жұмыстары істеліп жатыр.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда, 27 ақпан мен 1 наурыз аралығында облыс аумағында ауа температурасы түнде +6 градусқа дейін, күндіз +15 градусқа дейін көтеріледі. Кейбір жерлерде қар аралас жаңбыр жауады. Департамент бұл жағдай қардың тез еріп, тоңның жібуіне және өзендердің арнасынан тасуына әкеліп соқтыруы мүмкін деп болжайды.