Теміртауда экологтар кәсіпорын «қалдығы сынамаларын» тексеріп жатыр

Теміртаудағы түтін шығып жатқан кәсіпорын мұржалары. 26 ақпан 2018 жыл.

Теміртауда тұрғындар қалада қара түсті қар жауып, ауаның ластанғанына шағымданған соң «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясына кезекті рет тексеру жүргізіліп жатыр. Компания бұған дейін қаладағы ауаны ластайтын басты кәсіпорын деп танылған.

- Компанияның табиғатты қорғауға қатысты қызметі тексеріледі, қоршаған ортаға шығаратын қалдықтарынан сынама алынады. Тексеру әлі жүргізіліп жатыр, қашан аяқталатынын айта алмаймын. Тексеруді Қарағанды облыстық экология департаментінің мамандары және Ақмола мен Қарағанды облыстарының зертханалары жүргізіп жатыр. Теміртау қалалық прокуратурасы да тексеріп жатыр, - деді Азаттыққа облыстық экология департаментінен.

Теміртау қалалық прокуратурасы АМТ компаниясына тексеру жүргізіп жатқанын терістемеді, бірақ Азаттық тілшісінен бұл мәселеге қатысты ресми хат жолдауды сұрады.

Экология департаменті тексеру қорытындысы туралы хабарлайтынын айтты. Экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорынға айыппұл салынып, заң бұзу салдарын жою міндеттеледі.

«Қазгидромет» республикалық мекемесінің мәліметінше, қаңтарда Теміртау Қазақстандағы ластану деңгейі жоғары қалалардың тізіміне енген. Жергілікті БАҚ-тың «Қазгидрометке» сілтеп хабарлауынша, қаңтарда Теміртаудағы ауаның сапасы 2017 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда нашарлаған.

Биыл қаңтардың басында Теміртауда жауған қар қара түсті болып, тұрғындар наразылық білдірген. Қаладағы бастамашыл топ "қара қарға қарсы" петицияға бес мыңнан астам адамның қолын жинаған. Петиция Астанадағы Әлия Назарбаева басқаратын "Экологиялық ұйымдар ассоциациясы" заңды тұлғалар бірлестігіне жолданған.

Оқи отырыңыз: “Қара қардың” себебін “Теміртаудың өз ішінен" іздейді

Теміртауда тұрғындар ауадағы "химиялық иістерге", көлік пен терезе жақтауына түсетін қара шаңға, қаланы басып қалатын металлургия комбинатынан шығатын түтінге байланысты бұрыннан шағымданып келеді.