Өзбекстанда журналист Юсуф Розимуродовты түрмеден босатқан

Көрнекі сурет

Өзбекстанда 1999 жылдан бері түрмеде отырған оппозициялық журналист Юсуф Розимуродовтың бостандыққа шыққаны туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) құқық қорғаушы Исмоил Адилов хабарлаған.

Оның айтуынша, Розимуродовты Шыршық қаласындағы түрмеден ақпанның 22-і күні босатқан. Қазір ол Қашқадария облысындағы туған ауылында деп хабарлайды таныстары.

Юсуф Розимуродов Өзбекстанның "Эрк" демократиялық партиясының белсенді мүшесі болған және осы аттас партия басылымына мақалалар жазып тұрған. 1999 жылы ақпанда Ташкентте болған жарылыстарды сол кездегі президент Ислам Каримовтің "өміріне жасалған қастандық" деп бағалаған Өзбекстан құқық органдары оппозиция белсенділерін де қудалай бастағаннан кейін Украинаға кетіп қалған Розимуродов сол елден баспана алмақшы болған. Бірақ Киев оны Ташкенттің сұрауы бойынша Өзбекстанға экстрадициялаған.

1999 жылы 18 тамызда сот оны "Өзбекстан президентіне қастандық жасау", "Конституциялық құрылысқа қастандық жасау", "Тыйым салынған қоғамдық және діни ұйымдарға мүше болу" және "Қылмыстық қауым ұйымдастыру" айыптары бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Кейін түрмеде оның қамау мерзімін тағы да ұзартқан.

Құқық қорғаушылар Юсуф Розимуродовтың түрмеде азапталғанын айтып, Өзбекстан билігінен оны босатуды талап еткен.