Өзбекстан прокуратурасы Каримовтің экс-кеңесшісі ұсталғанын хабарлады

Өзбекстан прокурорының қызмет киімі. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан бас прокуратурасы бұрынғы бас прокурордың орынбасарлары және Ташкент облысының экс-прокурорлары Улугбек Суннатов пен Жамшид Файзиевтің ұсталғаны туралы хабарлады.

"Бас прокуратура Өзбекстан заңнамасы талаптарына сәйкес, тергеу органы алдын ала тергеу өндірісі кезінде қылмыстық істегі мәліметтерді тұтасымен немесе олардың бір бөлігін жариялауға жатпайды деп тануға құқылы екенін түсіндіреді", - делінген бас прокуратура сайтында жарияланған ресми ақпаратта.

2017 жылғы тамыздың 2-і күні видеобайланыс арқылы өткен селекторлық жиында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ташкент облысы прокуроры Жамшид Файзиевті "бірінші ұры" деп атағаннан кейін ол қызметінен босатылған. Файзиев 2013 жылы сол кездегі президент Ислам Каримовтің кеңесшісі болып тоғыз ай қызмет істеп, құқық органдары мен бақылаушы құрылымдардың жұмысын үйлестірген. 2008 жылы Өзбекстан тәуелсіздігінің 17 жылдығына орай "Мехнат шухрати"орденімен марапатталған.

Өзбекстан бас прокуратурасының сайтында жарияланған ақпаратта Улугбек Суннатов пен Жамшид Файзиевтің бұрынғы бас прокурор Рашид Қадыровтың ісі бойынша ұсталғаны айтылған. Бұған дейін бас прокуратура ақпанның 23-күні тұтқындалған Қадыровқа "Бопсалау", "Билікті немесе қызмет лауазымын теріс пайдалану" және "Пара алу" айыптары тағылып, тергеу жүріп жатқаны туралы хабарлаған.

Рашид Қадыров 2000-2015 жылдары Өзбекстан бас прокуроры қызметін атқарған, кейін Конституциялық соттың судьясы болып сайланған.