"Солшыл майдан" қозғалысы 19 наурызда акция өткізуге рұқсат сұрады

Сергей Удальцов, ресейлік оппозиционер.

Ресейде "Солшыл майдан" қозғалысының белсенділері 19 наурыз – президент сайлауының ертеңі кешке митинг өткізуге өтініш берді. Бұл жайында қозғалыс жетекшісі Сергей Удальцов Twitter-де хабарлады.

Ұйымдастырушылар өтініште митингіде сайлау қорытындысын талқылап, дауыс беру мен дауысты санаудың заңға сай және әділ жүргізілгеніне баға берілетінін айтқан. Акцияны Пушкин алаңында өткізу жоспарланған. Олар сонымен қатар акцияны өткізетін баламалы орын ретінде Пушкин алаңының қарсысындағы Новопушкинский саябағын, Твер бульварын және Ресей армиясы театры алдын көрсеткен.

Ресей президентін сайлау 18 наурызда өтеді. Сайлауға сегіз кандидат, оның ішінде іс басындағы президент Владимир Путин де түседі. Путин осымен төртінші рет президент сайлауына қатыспақ.

Бұған дейін президенттікке кандидат Ксения Собчак Ресей Жоғарғы сотына Путиннің сайлауға қатысуына қарсы арыз түсірген. Ол Ресей конституциясы бойынша президент қатарынан екі мерзімнен артық сайлана алмайтынын айтып, Орталық сайлау комиссиясының Путинді тіркеу туралы шешімі конституцияға қайшы деген. Бірақ сот оның арызын қайтарып тастаған.

Ресей билігі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды сайлауға қатыстырудан бас тартып, саясаткер сайлауға бойкот жариялаған.