Путин АҚШ сайлауына "Ресейдің араласқанын" жоққа шығарды

Ресей президенті Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин NBC News телеарнасына берген сұхбатында 2016 жылғы Америка президенті сайлауына "Ресейдің киліккені" туралы америкалық барлау өкілдерінің таққан айыбын кезекті мәрте жоққа шығарды. Ол бұл іс бойынша тергеу аясында айып тағылған 13 ресейлікке қатысты "олар ел мүддесіне өкілдік етпейді" деген пікір білдірген.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныймен саяси әріптестік орнату қаншалықты ықтимал деген сауалға жауабында Путин "елді нығайтуға ұмтылатын адамдармен ынтымақтас" болуды қалайтынын айтқан.

Телеарна тілшісі Мегин Келли "сайлауда бәсекелес болу үшін Навальныйға рақымшылық жасар ма едіңіз" деп сұраған. Ресей президенті "егер оған лайықты болса, кез-келген адамға рақымшылық жасауға болатынын" айтқан. Бұл туралы сұхбат мәтінін Кремль сайтында жариялаған.

Бұған дейін президент Путин оппозицияны "нақты күн тәртібі жоқ" деп сынап, оппозиционер Алексей Навальныйды "ресейлік Саакашвили" деп атаған.

Сонымен бірге Путин NBC News телеарнасына берген сұхбатында Сирияда үкімет күштерінің химиялық қару қолданғаны туралы хабарларды "жалған" (фейк) деп атаған. Путиннің сөзінше, Сирия өзіндегі химиялық қарудың көзін баяғыда жойып, одан құтылған. Сонымен бірге Кремль басшысы "АҚШ жетекшілігіндегі халықаралық коалицияның Ракканың тұрғын кварталдарын бейберекет атқылауына" тергеу жүргізуге шақырған.

Ақпанның басында Вашингтон Сирия үкіметі химиялық қарудың жаңа түрлерін жасауы мүмкін деп мәлімдеген. Reuters агенттігі Сирия билігі ескі қоймаларын жасырып және химиялық қару қолдануды жалғастырып, оларды жою және тыйым салу туралы 2013 жылғы келісімді бұзып отыр деп хабарлаған.