Смақов: "Ақтөбе" футбол клубы банкрот болуға шақ тұр

"Ақтөбе" футбол клубының бас директоры Самат Смақов

"Ақтөбе" футбол клубының бас директоры Самат Смақов қаржы тапшылығынан клуб банкрот болудың алдында тұрғанын айтады. Смақовтың сөзінше, клубтың 2014 жылдан бері өтелмеген қарыздары бар.

"Клуб 2017 жылға футболшыларына ғана емес, командаға түрлі қызмет көрсеткен компанияларға да берешек. Жеке құрам мен қызметшілерімізге 2017 жылдың қарызын өтеуіміз керек. 2016 жылға жаттықтырушылар штабы мен команданың экс-директоры Дмитрий Васильевке қарызымыз бар. 2015 жылға қазақстандық бес-алты ойыншыдан бөлек Айоделе Аделейе мен Данило Некоға, 2014 жылға - Сергей Ковальчукке берешекпіз. Бұл азаматтардың арасында ФИФА мен ПРС-ке шағым түсіргендері де, клубтағы ахуалды білгендіктен әзірге шағым жазбай отырғандары да бар", - дейді Самат Смақов.

Смақов кредиторлар арасында клуб басшылығының өтінішіне құлақ асып, шыдамдылық танытып отырғандар барын айтады.

"Бюджет бекітіліп қойғандықтан Ақтөбе облыстық әкімдігі қаржы бөле алмайды. Бар үміт демеушілерде. Демеуші табылмаса "Ақтөбеге" банкрот болу қаупі төніп тұр", - дейді клубтың бас директоры.

Смақовтың сөзінше, қарызы көп клубтың трансферіне де шектеу қойылған. Сондықтан республика чемпионатының алдағы екі турына жастар құрамасы ғана бармақшы. Егер клуб жақын арада қарызын өтей алмаса, 2018 жылдың жазына дейін тек жастар құрамасы ойнайтын болады дейді ол.